
Тараз қаласында қала әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауына дайындық мәселелеріне арналған кеңейтілген кеңес және қалалық штаб отырысы өтті. Жиынға Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы, облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары, қалалық мәслихат депутаттары, құқық қорғау және мемлекеттік органдардың басшылары, қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Кеңес барысында сайлау науқанын заң талаптарына сәйкес ашық әрі ұйымдасқан деңгейде өткізуге бағытталған дайындық жұмыстары қаралды. Бүгінде қала аумағындағы билбордтарда, LED экрандарда, қоғамдық көліктерде және халық көп шоғырланатын орындарда сайлау күнтізбесі мен ақпараттық материалдар кеңінен орналастырылған. Тараз қаласында 295 мыңнан астам сайлаушы тіркеліп, олардың дауыс беруі үшін 155 сайлау учаскесі дайындалуда. Сонымен қатар сайлау учаскелерінде қолжетімді ортаны қалыптастыру, инватакси қызметін ұйымдастыру және сурдоаудармашылармен қамтамасыз ету шаралары жүзеге асырылып жатыр. Сайлау күні қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша тиісті шаралар қабылданады .Жиынды қорытындылаған қала әкімі Бақытжан Орынбеков жауапты мекемелерге сайлау процесін сапалы ұйымдастыруды, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді және барлық дайындық шараларының уақытылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

