
23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауына дайындық аясында партия өкілдері мен бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті.
Кездесу барысында Құрылтайдың елдің жоғары өкілді органы ретінде заң шығару жүйесін жетілдірудегі рөлі, азаматтардың еркін таңдау жасау құқығы және әрбір дауыстың елдің алдағы бес жылдағы даму бағытын айқындайтын өкілді органның құрамын қалыптастырудағы маңызы айтылды.Сондай-ақ сайлау науқанының негізгі кезеңдері – кандидаттарды ұсыну, партиялық тізімдерді тіркеу, үгіт-насихат жұмыстары, үнсіздік күні мен дауыс беру тәртібі жөнінде жан-жақты ақпарат берілді.Басқосуда саяси партиялар арасындағы ашық бәсекелестік, сайлаудың заңдылығы мен жариялылығы, азаматтардың конституциялық құқықтарын сақтау мәселелері де кеңінен талқыланды. Кездесу соңында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, алдағы сайлау науқанының ашық, әділ және заң талаптарына сай ұйымдастырылуы жөнінде пікір алмасты.

