Шаһардағы су жаңа облыстық онкологиялық диспансер биыл да өңір тұрғындарына қызмет етпейтін түрі бар. Құрылысы 5 жыл бұрын басталған аурухана биыл көкек айы келмей тұрып, қолданысқа берілуі керек болған. Дегенмен, мердігерлердің салғырт жұмысынан тағы кеш қалып отыр. Айналасындағы абаты қурап, заманауи жабдықтары әлі күнге жеткізілмеген. Ауруханаға арнайы келген аймақ басшысы осындай шикіліктерді өз көзімен көріп, мердігерлердің жұмысын сынға алды. Сондай-ақ кеткен кемшіліктердің тез арада орнын толтыруды тапсырды.