15 Ноя 2026, Вс

СУСЫН ӨНДІРЕТІН ЗАУЫТТЫҢ ӨНДІРІСТІК ҚУАТЫ ЕСЕЛЕНЕДІ

Түркістан облысының Түлкібас ауданында ауыз су және алкогольсіз сусындар өндіретін «Beibars Bottlers» (Бейбарс ботлерс) ЖШС зауытының екінші кезеңінің капсуласын салу рәсімі өтті. Аталған жоба – өңірдегі өндірістік әлеуетті арттыруға және жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған ірі инвестициялық жобалардың бірі. Кәсіпорынның І кезеңін іске асыруға 9 млрд теңге инвестиция тартылып, нәтижесінде 100-ден аса жаңа жұмыс орны ашылды. Бүгінде зауыттың өндірістік қуаты жылына 120 мың тоннаны құрайды. Кәсіпорын темір және пластикалық құтыдағы «RC» маркалы сусындар өндіреді. Өндірілген өнімнің 51 пайызы Ресейге, 26 пайызы Қырғызстанға экспортталса, 23 пайызы ішкі нарықта сатылады. Салтанатты іс-шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, кәсіпорын жұмысына сәттілік тіледі.