15 Ноя 2026, Вс

Жамбыл облысындағы №59 мекемеде сотталғандарға психологиялық қолдау көрсетуге бағытталған іс-шара өтті

Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №59 республикалық мемлекеттік мекемесінде 6 тамызда Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Құқықтық саясат жөніндегі кеңестің жұмыс жоспарына сәйкес, сотталғандардың психологиялық көмек алу құқығын іске асыру мақсатында танымдық-профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды.

Іс-шара Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің психологиялық қызметін жетілдіру бағытындағы жұмыстары аясында мекеме психологтарының ұйымдастыруымен «Депрессия, күйзеліс және олардың алдын алу, жеңу жолдары» тақырыбында өткізілді.

Іс-шараға Жамбыл облыстық психикалық денсаулық сақтау орталығының психолог мамандары Л.Г. Ли мен Ж.О. Аленова қатысып, қатысушыларға психикалық денсаулықты сақтау, күйзелістің алдын алу және оны тиімді басқару жолдары туралы дәріс оқып, тәжірибелік психологиялық тренинг ұйымдастырды.

Кездесу барысында қатысушылар психологиялық саулықты нығайтудың маңыздылығы, эмоцияларды басқару, күйзеліс жағдайында өзін-өзі қолдау тәсілдері жөнінде пайдалы ақпарат алып, интерактивті жаттығуларға белсенді қатысты.

Іс-шараның негізгі мақсаты – сотталғандардың психикалық денсаулықтың маңыздылығы туралы ақпараттану деңгейін арттыру, эмоционалдық тұрақтылықты нығайту, күйзелісті тиімді басқару дағдыларын қалыптастыру, психикалық саулықты сақтаудың алдын алу шараларын насихаттау және салауатты өмір салтын ұстануға ынталандыру.

Мұндай іс-шаралар сотталғандарды әлеуметтік-психологиялық қолдауға, олардың тұлғалық дамуына ықпал етуге және қоғамға қайта бейімделуіне оң әсерін тигізеді.