
Бүгін, Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты № 59 мекемесінен жазасын толық өтеген азамат бостандыққа шықты. Қақпа алдында оны туған-туыстары мен жақындары қарсы алып, жылы лебіздері мен ақ тілектерін білдірді. Бұл сәт сотталған азамат үшін жаңа өмірге бастар маңызды кезең болды.
Бостандыққа шығар алдында мекеме қызметкерлері сотталған азаматпен жеке профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Кездесу барысында оған құқықтары мен міндеттері түсіндіріліп, пробация қызметіне тіркелу тәртібі, мемлекеттік қолдау шаралары, жұмыспен қамту және әлеуметтік бейімделу мүмкіндіктері жөнінде жан-жақты бағыт-бағдар берілді. Сонымен қатар заң талаптарын сақтау, құқық бұзушылықтың алдын алу және қоғамға сәтті бейімделудің маңыздылығы айтылды.
Бостандыққа шығу – жаңа өмірге жасалған маңызды қадам. Ең бастысы – өткеннен сабақ алып, адал еңбек етіп, отбасы мен қоғам алдындағы жауапкершілікті сезіне отырып, заң талаптарын құрметтеу. Мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік қолдау мен жұмыспен қамту шаралары осы мақсатқа қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Әрбір азаматқа өмірін жаңадан бастауға мүмкіндік беріледі. Бүгін бостандыққа шыққан азамат үшін бұл – жаңа үміттің, жаңа мақсаттардың және жарқын болашаққа бастар жолдың бастауы.
