ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА БОПСАЛАУМЕН АЙНАЛЫСҚАН ТОП ҰСТАЛДЫ
Ағымдағы жылдың 6 желтоқсанында Тараз қаласының Полиция басқармасына бопсалау туралы облыс орталығының 26 жастағы тұрғыны шағымданды. Ол өзінен қорқыту арқылы апта сайын екі азаматтың әшкерелеуші ақпаратты жарияламау үшін 300 000 теңге көлемінде ақша бопсалап алып тұратынын хабарлады. Жәбірленушіден барлығы 2 000 000 теңге көлемінде ақша талап еткен. Жамбыл облысы Полиция департаменті Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлерімен жүргізілген жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде арызданушыдан кезекті рет 200 000 теңге көлемінде қаражатты алу кезінде 28 және 29 жастағы жергілікті тұрғындар анықталып, ұсталды. Осы дерекке қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 194-бабы 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Заттай дәлелдемелер тәркіленді. Ұсталғандар кінәларын толық мойындады. 29 жастағы күдікті Тараз қаласының уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Оның серіктесіне қатысты «ешқайда кетпеу туралы» бұлтартпау шарасы қолданылды. Күдіктілердің бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны анықталды.