ӨҢІР БАСШЫСЫ МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНЫҢ ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ
Өңірдегі ақын-жазушыларды қолдау мақсатында облыс әкімдігі олардың шығарма жинақтары кітабын шығаруға 50 млн қаржы бөлген. Алайда, облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің ұйғарымымен кітаптың электронды нұсқасы да қарастырылмақ. Өйткені қазіргі уақытта қалтафонның қамқорлығына ғана иек артатын жастар буыны кітап оқуға құштар емес. Бүгін мәдениет саласының өкілдерімен кездескен Ербол Шырақбайұлы осылай деді. Сондай-ақ жиынға қатысушылар мәдениет саласындағы өзекті проблемаларды көтерді. Айтылған мәселелерді назарға алған аймақ басшысы әр сауалға нақты жауап берді. Сонымен қатар, сәулетінің сиқы қашты деген театрға алдағы уақытта арнайы баратынын жеткізді.