АЙМАҚ БАСШЫСЫ АЙЫНА 200 АДАМНЫҢ МӘСЕЛЕСІН ШЕШУДІ ТАПСЫРДЫ
Халықтың арызын есітсе де іс қылмайтын, базынасын пысқырмайтын жергілікті атқарушы органның нәтижесіз қабылдауларының кесірінен Жамбылда жоғарыға шағымданушылар көбейген. Мәселен, биылдың өзінде Президент әкімшілігіне 120 өтініш жолданса, Үкімет аппаратына 42 өтініш жазылыпты. Бұл шенеуніктер өткізген қоғамдық қабылдаулардың көбіне мәселенің шешімімен емес, тек тыңдаумен ғана аяқталатынын білдіреді. Осыған орай облыс әкімі бүгінгі аппараттық кеңесте аймақ жұртына ақжолтай хабарды жеткізді. Енді аймақтағы әр көтерілген мәселенің шешілуін облыс әкімінің кеңесшісі бастаған топ қадағалайды. Алдағы уақытта бұл құрам бір-біріне сілтегіш атқамінерлерді жұрттың мәселесін шешіп, жақсы атты етуге септігін тигізеді. Сондай-ақ жиында аймақ басшысы тарапынан жергілікті басшылық құрамға жаңа индикатор бекітілді. Толығырақ Мағжан Орынбасар тарқатады.