
Түркістан облысының Қожатоғай ауылдық округінде «Даму» қорының қолдауына ие болған «Қайып Ата» компаниялар тобына кіретін «Түркістан Агро KZ» ЖШС 50 мың басқа арналған заманауи бордақылау кешенін іске қосты. Ашылу салтанатына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин қатысып, кәсіпорынның жұмысымен танысты.


Кәсіпорын «Даму» қорының Кепілдік беру қорының бірінші бағыты аясында екі жоба бойынша қолдау алды. Оның бірі арнайы техника мен жабдықтар сатып алуға, екіншісі айналым қаражатын толықтыруға, соның ішінде ірі қара мал мен жемшөп алуға бағытталған.

Кешен толық өндірістік цикл негізінде жұмыс істейді. Жемшөп дайындаудан бастап мал бордақылау, сою, етті өңдеу және дайын өнімді нарыққа шығаруға дейінгі барлық кезең қамтылған. Кәсіпорын жылына 15 мың тоннаға дейін ет өндіруге қауқарлы. Сонымен қатар компания құрамында жылына 7,2 мың тонна ет өңдейтін кәсіпорын мен 46 мың тонна қуаттылығы бар құрамажем зауыты жұмыс істейді.



Бұдан бөлек, 1,4 мың гектар алқапта мал азығын өндіру және 12 мың басқа арналған заманауи мал биржасын салу жұмыстары жүргізілуде. Кешенде Аустралияның озық технологиялары мен тәжірибесі қолданылады.
Жобаның іске қосылуы өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін арттырып, ет өндірісін дамытуға, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
