Түркістан облысының Шардара ауданында «Қазкрахмал» ЖШС жүгеріні терең өңдеу зауытының ашылу салтанаты өтті. Іс-шараға ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин қатысты.
Жоба «Даму» қорының «Даму-Өндіріс» бағдарламасы аясында жеңілдетілген қаржыландырумен қолдау тапты. Қаржыландыру өндірістік жабдықтарды сатып алуға бағытталды.


Кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты 150 мың тонна жүгеріні құрайды. Жоба аясында 500 жаңа жұмыс орны құрылды. Заманауи технологиялармен жабдықталған зауытта шикізаттың 98%-ына дейін өңделіп, қалдықсыз өндіріске басымдық беріледі.
Алғашқы кезеңде модификацияланған крахмал, глютен, сығынды, целлюлоза және басқа да өнімдер шығарылады. Толық өндірістік қуатына шыққан кезде өнім түрлері 28 атауға дейін кеңейтіледі. Олардың қатарында мальтодекстрин, меласса және сироптар секілді қосылған құны жоғары өнімдер бар.


Кәсіпорынның тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында өңірде жүгері алқаптарын кезең-кезеңімен ұлғайту және су үнемдеу технологияларын, соның ішінде тамшылатып суару жүйелерін енгізу жұмыстары жүргізілуде. Бұл су ресурстары шектеулі Түркістан облысы үшін ерекше маңызды.


«Қазкрахмал» жобасының іске қосылуы өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін арттыруға, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және отандық өндірістің бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге мүмкіндік береді.
«Даму» қоры кәсіпкерлікті қолдау құралдары арқылы өңдеу өнеркәсібіндегі осындай инвестициялық жобаларды қаржыландыруға және өңірлердің өндірістік әлеуетін дамытуға қолдау көрсетуді жалғастыруда.



