Жетісай қаласына қарасты Жылысу ауылының таңғы таңы ерекше тыныштықпен атады. Бірақ сол тыныштықты алғаш бұзатын – сыпырғының сылдыры мен еңбектің үні. Бұл — Қаһраман Ешмұратовтың жаңа күнін бастағандағы әдеті. Елу бес жастағы Қаһраман ағамыз — өмірдің ащы-тұщысын көрген, тағдырдың талай сынағына төтеп берген азамат. Бір қолы жарақат алып, үшінші топ мүгедегі атанса да, ол бұл сынақты өз өмірінің шегіне айналдырған жоқ. Керісінше, қиындықты қайратқа айналдырып, қоғамға пайдасын тигізуге бел буды.
