Бәйдібек ауданының Шаян ауылында Мұхтар Әуезов атындағы IT мектеп-лицейінде заманауи кітапхана жұмыс істеп тұр. Мұнда 26 мыңнан астам кітап қоры жинақталған. Оқушылар мен ұстаздар әлемнің кез келген әдебиеті мен оқулықтарына қол жеткізе алады.
Бәйдібек ауданының шаян ауылында орналасқан «шаян» мектеп-лицейі өткен жылы толық реновациядан өтті. Жөндеу жұмыстары аясында білім ошағының іші мен сырты жаңарып, жаңа келбетке ие болды. Мектеп ауласында спорт алаңшалары салынып, оқушыларға қолайлы жағдай жасалды. Жобаның мақсаты – ауыл балаларына заманауи білім алу мүмкіндігін қамтамасыз ету.
Бәйдібек ауданының Шаян ауылындағы «Шаян» мектеп-лицейінде жаңа үлгідегі кабинеттер іске қосылды. Мұнда 5-8 сынып аралығындағы оқушылар STEM бағытында білім алуда. Оларға робототехника және заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған кабинеттерде сабақ өтіледі. Жаңа мүмкіндіктер оқушылардың білімге қызығушылығын арттыруда.
Түркістан облысында спорт саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Бүгінде өңірде мемлекеттік және жекеменшік спорттық ұйымдарда жүз мыңнан астам спортшы тегін жаттығып жүр. Олардың ішінде балалар мен жасөспірімдердің үлесі жылдан жылға артып келеді. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да спортпен айналысуға жағдай жасалған. Өңірдегі спорттық инфрақұрылым кеңейіп, жаңа нысандар бой көтеруде.
Түркістанда әлемнің жетекші дәрігерлері мен ғалымдары бас қосты. 25–26 қыркүйек күндері өткен II Халықаралық ғылыми-білім беру конференциясы балалар мен жасөспірімдердің денсаулығына арналды. «Балалар ауруларын емдеудегі сарапшылардың пәнаралық консенсусы» атты алқалы жиынға Қазақстаннан бөлек Ресей, Орталық Азия елдері, Түркия, Қытай, Еуропа және АҚШ-тан білікті мамандар келді.
Түркістан қаласында алғаш рет халықаралық деңгейдегі «Қолөнершілер орталығы» өз жұмысын бастады. Бұл орталық бір шаңырақ астына 7 елден келген қолөнер шеберлерін тоғыстырып отыр. Аталған бастама ұлттық мәдениет пен дәстүрлі өнерді дамыту, сондай-ақ халықаралық мәдени ынтымақтастықты арттыру мақсатында жүзеге асырылды.
Түркістан қаласында мектеп оқушыларға арналған кәсіби бағдарға арналған іс-шара өтті. Яссауи колледжінің аспаздық іс мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттері мектеп оқушыларына тәжірибелік сабақ көрсетті. Мастер-класс барысында оқушылар тағам әзірлеудің қыр-сырымен танысты.
Түркістанда облыс әкімдігі мен прокуратура, сондай-ақ экономикалық тергеп-тексеру және өзге де бақылау-қадағалау органдарының қатысуымен кәсіпкерлермен кеңейтілген кездесу өтті. Басқосуда кәсіпкерлікті қорғау, бизнесті дамыту және мемлекеттік органдардың есептілігін арттыру мәселелері талқыланды. Жиын «Бақылау-қадағалау органдарының бизнес-қауымдастық алдында бірыңғай есеп беру күні» аясында ұйымдастырылды.
Қалалық Жастар ресурстық орталығы есепте тұрған мектеп оқушыларына тарихи музейлерге экскурсия ұйымдастырды. Шара жасөспірімдердің білім көкжиегін кеңейтіп, отансүйгіштікке тәрбиелеуге бағытталды.