Жамбыл облысында жаңа өндіріс іске қосылды. «Каз Каспий Гидро Сельхоз Технология» ЖШС тамшылатып суару жүйесін өндірумен айналысатын зауыт жұмысын бастады. Өңір басшысы Ербол Қарашөкеев кәсіпорынды аралап, өндіріс үдерісімен танысты.
Бүгін Жамбыл облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Абдалиевтің төрағалығымен кезектен тыс 21-сессия отырысы өтті. Жиын барысында күн тәртібіндегі екі маңызды мәселе қаралды. Біріншісі – Тараз қаласының бірқатар құрамдас бөліктеріне атау беру туралы ұсыныстарды қарастыру болса, екіншісі – «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында экологиялық мәдениетті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған өңірлік жоспарын мәслихат шешімімен бекіту мәселесі болды. Толығырақ алдағы сюжетте
Облыс басшысы Ербол Шырақбайұлының бастамасымен биылғы жыл «Кітап оқу жылы» деп жарияланды. Осыған орай Меркі ауданы № 1 Жалпы орта білім беретін мектебінде аудандық білім бөлімі мен Жастар ресурстық орталығы бірлесе отырып, «Ойтаным» зияткерлік ойынын ұйымдастырды. Бұл шара білім саласындағы жетістіктерді арттыру, оқушылардың кітапқа деген қызығушылығын көтеру мақсатында өткізілді.
Қордай ауданы Қарасай ауылында көптен күткен елеулі оқиға – жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Заманауи кешен кәсіби және әуесқой спортшыларға арналған. Мұнда бірнеше спорт түрлерімен шұғылдануға барлық жағдайлар жасалған.
Республикалық «Тасымалдаушы» жедел-алдын алу іс-шарасы барысында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының 523-шақырымында полиция қызметкерлері «TOYOTA ALPHARD» автокөлігін тоқтатты. Тексеру барысында 31 жастағы жүргізушінің көлік құралына алысқа түсетін жарыққа арналған LED шамдарын орнатқаны анықталды. Жүргізушінің аталған құқық бұзушылықты жыл ішінде қайта жасауына байланысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 590-бабының 10-бөлігіне сәйкес хаттама толтырылып, жауапкершілікке тартылды.
Тараз қаласы Полиция басқармасының «102» арнасына 23 жастағы қала тұрғыны арызданды. Арызданушының мәліметінше, белгісіз тұлғалар орталық базардың аялдамасында орналасқан дүңгіршегінің есігін бұзып, қымбат бағалы тауарларын ұрлап кеткен.
Адам денсаулығы үшін адалдықпен қызмет етіп, саналы ғұмырын ізгі іске арнаған ақ халатты абзал жандардың еңбегіне ерекше құрмет көрсету орынды. Киелі Байзақ өңіріне тағдыры сабақтас, аудан жұртшылығының сүйіспеншілігіне бөленген дәрігерлер Орынбасар Қымызкенқызы мен Пердебай Ахметұлы солардың бірі әрі бірегейі еді. Осы тұста Диқан ауылдық округінің Аймантөбе елді мекенінде орналасқан медициналық тіректің алдынан денсаулық сақтау ісі ардагерлерінің бейнелері басылып, еңбек жолына шолу жасалған тас тақтаның ашылу рәсімі болып өтті.
2025 жылы елімізде 175 мың жаңа тұрғын үйдің құрылысы аяқталмақ. Бұл Үкіметтің биылғы негізгі жоспарының бірі. Жаңа баспана құрылысы халықтың тұрғын үйге қолжетімділігін арттырып, баспана тапшылығын азайту мақсатында қолға алынып отыр. Биыл қандай ипотекалық бағдарламалар іске асады? Әріптесім тарқатып айтады
Елімізде шекара асып, білім алуға ұмтылатын жастардың саны жыл сайын артып келеді. Мемлекет басшысы Ана тілі газетіне берген сұхбатында шет мемлекетте тәжірибе жетілдіруді қалайтын түлектерді қолдайтынын жеткізген болатын. Тек білімнің көкжиегін кеңейткен жас маман біліктілігін ел игілігіне жұмсаса құба- құп.
Қоғамдық орындарда тәртіп бұзған азаматтарға қатысты жаңа жаза енгізілді. Енді бейәдеп сөз айтып, түкірген немесе қоқыс тастаған адамдар көше сыпыруға міндеттеледі. Бұл туралы Сенат тиісті заңды мақұлдады.