ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНЫҢ ЖОЛДАРЫНДА 326 АДАМ ҚҰТҚАРЫЛДЫ
3 қаңтар күні таңертеңгі сағат оннан бастап Жуалы ауданындағы қолайсыз ауа-райына байланысты құтқарушылар жұмыс істеп, тас жолда тұрып қалған автокөліктерді қар тұтқынынан шығарып, адамдарды жылыту пункттеріне орналастырған. Өткен тәулікте Жуалы, Сарысу және Қордай аудандарының өрт сөндіруші-құтқарушылары республикалық және облыстық маңызы бар автожолдардың 3 учаскесінде 326 адамды құтқарып, жақын маңдағы елді мекендерге жеткізді,олардың ішінде 72-і балалар. Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаменті бөлімшелері құтқарушыларының жедел және кәсіби іс-қимылдарының арқасында құтқарылғандардың ешқайсысы медициналық көмекті қажет етпеді. Есесіне, құтқарылған азаматтардың арасында осындай қиын жағдайда дер кезінде көмек көрсеткені үшін алғыс білдірген азаматтар да болды.Төтенше жағдай немесе көмек көрсету қажет болған жағдайда шұғыл түрде «112» нөміріне қоңырау шалу қажеттігін еске саламыз.