КАРАТЭДЕН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ ЖАСТАРДЫ НАШАҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ҮНДЕДІ

М. Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті студенттерінің қатысуымен есірткіге қарсы семинарлар өткізу шаралары ұйымдастырылуда. Осыған орай кезекті семинарға су шаруашылығы және табиғатқа үйлестіру институтының 500-ден астам білім алушысы қатысты. Полицейлер есірткі қолданудың зияны туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді, сондай-ақ түрлі құқық бұзушылықтар мен қылмыстар жасағаны үшін жауапкершілік және есірткі қолданудың жастардың денсаулығына теріс салдарлары туралы мәселелерді талқылады. Семинар барысында студенттер спикерлерге өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды. Сондай-ақ, қатысушылар назарына Жамбыл облысының Полиция департаменті Кинологиялық қызметінің қызметтік-іздестіру иттерінің көрнекі көрсетілімдері ұсынылды.Іс-шараға қонақ ретінде каратэден әлем чемпионы Нұрлан Жұмамұратов арнайы шақырылды. Ол жастарды салауатты өмір салтын ұстануға үндеп, студенттерге спорттың дене және психикалық тұрғыда денсаулықты сақтау мен нығайтудағы пайдасы туралы айтып, өз тәжірибесімен бөлісті.