ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА 25 БАС ЖЫЛҚЫНЫ ҰРЛАҒАН КҮДІКТІ ҰСТАЛДЫ
Ауыл шаруашылығы – өңір экономикасының негізгі саласы болып қала береді. Ал ауыл-аймақтарда үй жануарларын ұстау – жалғыз табыс көзі десек те болады. Алайда оңай пайда табуды көздейтіндердің кесірінен кейбір отбасылар қиын жағдайға тап болып жатады. Жалпы Жамбыл облысында мал ұрлығы тыйылар емес. Алайда тәртіп сақшылары қылмыстың бетін ашып, барымташыларды ұстауға атсалысуда. Мәселен, Шу аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері кәсіби жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында былтырғы жылы орын алған мал ұрлығы қылмысын ашты. Полицейлер өткен жылғы 15 желтоқсанға қараған түні жалпы құны 11 миллион 550 мың теңгені құрайтын 25 бас жылқыны ұрлаған 52 жастағы Талас ауданы Ақкөл ауылының тұрғынын анықтап, ұстады. Ол жылқыларды Шу ауданы Алға ауылына қарасты жайылымнан жасырын түрде айдап әкеткен. Алайда мал иелері бұл туралы полицияға тек бір жарым ай өткен соң ғана хабарлаған.