ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН МӘДЕНИЕТ ҚАЙРАТКЕРІ МЫРЗАХАН РАХМАНБЕРДІҰЛЫ АХМЕТОВҚА 70 ЖЫЛ
Жұлдызы биік Жуалы талай тұғыры биік тұлғаларды түлеткен қасиетті өлке. Биыл бірқатар жуалылық ақын, жазушы, журналист, генерал ағаларымыз мерейлі жасқа толып, туған жерінде мерейтойларын атап өтті. Тұғыры биік тұлғалар құрмет-қошеметтен кенде емес. Алайда туып-өскен туған жерінің, туған елінің ыстық ықыласы мен сый-құрметінің орны бөлек. Жуалы жұртшылығы әрқашан ақынын аялап, азаматын ардақтаған өлке. Осындай игі істің жалғасы ретінде бүгін ауданымызда жерлесіміз ауданымыздың төл перзенті, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген Мәдениет қайраткері, белгілі жазушы, ақын, композитор Мырзахан Рахманбердіұлы Ахметовтың 70 жылдық мерей тойына орай «Жанымның ақ шуағы» атты әдеби — музыкалық кеш болып өтті.