❗️❗️Назар аударыңыз! Қар көшкіні жүру қаупі бар!
Шығыс Қазақстан облысында көшкін жүру қаупі бар. Нақтырақ айтқанда, қауіпті аймақ деп «Өскемен-Алтай-Үлкен Нарын-Катонқарағай-Рахманов қайнары» республикалық автожолының келесідей учаскелері айқындалды: 21-22, 59-60, 61-66, 437-438 км. Биыл облыста жауын-шашын әдеттегіден көп мөлшерде түскендіктен, таулы аймақтарда қар жамылғысының тұрақсыздығы байқалуда. Осыған байланысты 21-22 ақпанда аталған автожолда көлік қозғалысына шектеу енгізу жоспарлануда. Естеріңізге сала кетейік, бүгін сағат 8:40-та республикалық маңызы бар автожолдың 436-шы шақырымында жалпы көлемі 7600 м3 болатын өздігінен қар көшкіні түскен болатын. Қар көшкіні жолды толығымен жауып тастады. Бұл аймақта -40-45°С-қа дейін аяз күшейіп тұр. Тұрақсыз ауа райы қар тазалайтын арнайы техникалардың жұмысына кедергі келтіруде. Дегенмен, күннің суығына да ауа-райының қолайсыздығына да қарамастан, Шығыс Қазақстан филиалының жол қызметкерлері жол бөлігін қардан тазарту жұмыстарын белсенді жүргізуде. Қазіргі уақытта аталған автожолдың 420-450 шақырымында көліктің барлық түрі үшін уақытша қозғалысқа шектеу қойылды.