Францияда сары жейделілер қайта шеруге шықты
Пандемия кезінде аздап тыншыған еді, деп хабарлайды «Хабар 24». Енді кешеден бері елде наразылық шерулері қайта басталды. Жұрттың наразылығына бағаның өсуі түрткі болған. Еуропадағы энегретикалық дағдарыс француздарға да қатты тиіп тұр. Электр тарифі 14 процентке дейін өседі деген болжам бар. Жанармай да тіптен қымбаттап кетті. Бұрын соңды мұндай баға болмаған. Париж бекеттерінде 1 литр бензин 850 теңгеге дейін жеткен. Шерушілер үкімет бағаның өсуін тоқтатпайынша апта сайын шеру өткіземіз деп кіжініп отыр. Сары жейделілердің бас көтеруі осыдан үш жыл бұрын бензинге салықтың өсуі себепті пайда болған. БЛИЦ: – Біз 2018 жылдан бері әлеуметтік теңдікті талап етіп келеміз. Ұстанымымыз әлі өзгерген жоқ. – Сары күртешелілер толқуы кезінде бензин бағасының өсуінен туған еді. Қазір жағдай тіпті нашарлады. Өйткені жанармайдан бөлек электр энергиясы, газ және тұрмысқа аса қажетті тауардың барлығы қымбаттады. Сондықтан біз күресімізді жалғастыра береміз.